Туған жер ыстық әрқашан
Менің туып өскен жерім – Шағалалы ауылы. Әр адамның кіндік қаны тамған жері өзіне ыстық болып келеді. Өйткені, сенің туған елің – саған қымбат. Кішкентай күніңде аяғыңмен басқан әр топырағы, сылдырап аққан бұлағы – бәрі қымбат. Туған жеріңнен алысқа сапар шексең, сағынасың, аңсайсың. Өлкең өзіңді үнемі шақырып тұрғандай күй кешесің.
Мен қазір отбасыммен басқа ауылда тұрамын. Сонда да туып өскен жерімді аңсаймын, саялы бақтарын, жанға тыныштық сыйлар түндерін, бетімнен өпкен самал желін сағынамын. Әр демалыс сайын туған жерге асыға аттанамын. Менің туған жерге деген сағыныш сапарым Қалижан Бекхожиннің мына өлеңінен көрініс табатындай:
Тым асығып келемін туған жерге,
Бір сағыныш лапылдап тұр кеудемде.
Жүрегімде махаббат жалындаған,
Жүргенімде көңілсіз өлкелерде.
Сағындым сені анамдай туған жерім,
Көзіме ыстық таулы белеңдерің,
Сағынышты саялы ормандарың
Күркіреген көк түсті өзендерің.
Шағалалы – Зеренді ауданынан 30 шақырымдай орналасқан ауыл. Бұл жерден Шағалалы өзені ағып жатыр. Өзен Ақмола және Солтүстік Қазақстан аумағынан ағып өтеді. Шағаллы атауы аймақта шағаланың көп болуына байланысты қойылған. Бұл өзен Қазақстан бойынша ең таза өзендер қатарына жатады. Жаз болысымен менің асыға баратын жерім - осы өзен. Суына шомылып, өзен бойлай жүгірген қандай тамаша! Адамға ерекше бір жайлылық сыйлайды, жүрегін тыныштандырады, мамыражай күйге енгізеді. Келе бергің келеді, келе бергің келеді...
Туған елге, туған жерге деген мендегі ыстық сезімнің көрінісі осындай. Туған жерге деген толассыз махаббатты тауысу мүмкін емес шығар, әсте. Маған қойылар ендігі міндет – туған жеріме өз үлесімді тигізу, туған жерін ұлықтар азаматы болу. Мен бұл істі міндетті түрде орындаймын. Себебі, ауылымның әр көшесі, әр тұрғыны, әр ғимараты мен үшін маңызды. Бұл – менің кішкентай Отаным. Ал туған жер әрқашан да ыстық...
Қайрат Сания
«Молодежное ауылының
жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-нің
6-сынып оқушысы